Кеше ғана Атырауда мұнайшылар бас қосып, елімізде осы саланың төңірегінде 20 мың адам екі қолға бір күрек табатынын айтқан болатын.
Осы тұста бүгін Павлодар облысында мұнай коксын шығару зауытында өнімнің алғашқы партиясы өндірілді. Жаңа өнім ішкі нарыққа арналған. Алдағы уақытта отандық күйдірілген кокс алғаш рет Қытай және Ресей нарығына да жөнелтілмек.
Халықаралық стандарттарға сай өнім шығаратын зауыт «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында бой көтерген. Жаңа өндіріс ошағының ерекшелігі сол, кәсіпорын қалдықсыз технология бойынша жұмыс істейді. Яғни өндірістік үрдістер барысында электр энергиясын және гипс материалдарын өндіруге мүмкіндік туады. Бұл бірінші кезекте – қосымша табыс көзі.
Нағашбек Әубәкіров, зауыт директоры
-Кокс күйдірілген кезде 1250-1350 градусқа дейін цельсий күйдіріліп, шынықтырылады. Сол кезде бөлінген үлкен қызуды әрі қарай толық пайдаланамыз. Әрі қарай бізде 4 турбинаға орналастырылған. Әрқайсысы сағатына 3 мегават электр энергиясын өндіретін болады. 12 мегават, оның 4 мегаватын өзіміз пайладанып, 8 мегаватын басқа мекемелерге сатуға мүмкіндік бар.
Күйдірілген мұнай коксы – алюминийді шығарудағы бастапқы элементтердің бірі, анод өндірісіндегі негізгі шикізат. Жуырда алынған мұнай коксының алғашқы легі өңірдегі алюминий зауытына тасымалданды. Бұрын бұл өнім Қытайдан әкелінген болатын. Енді импорттық тауарды павлодарлық кәсіпорын алмастырмақ.
Нағашбек Әубәкіров, зауыт директоры
-Қазіргі күнге біз мың тонна қазақ электролиз зауытына жібердік. Олар қазір өздерінің тексерістерін өткізіп жатыр. Солар біткеннен кейін бізге өздерінің талаптарын қоятын болады. Содан кейін біз оларға өзіміздің күйдірілген коксты қоятын боламыз.
Іске қосылған зауытта 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Білікті мамандардың қатарында еліміздің үздік техникалық оқу орындарының түлектері баршылық. Зауыт қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде Павлодарда шығарылған өнімге Қытай және Ресейдегі алюминий өндірушілері көз тігіп отыр. Жақын күндері шикізаттың 3 мың тоннасы алдымен Ресейге экспортталады.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий