Естай (Есмағамбет) Беркімбайұлы (1868-1946) - ақын, әнші, композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі.
Павлодар облысы Екібастұз ауданының Ақкөл ауылында туған. Анасы Күлипа, нағашысы Байтұлым да әнші болған. Естай Беркімбайұлы олардан көптеген жыр, дастан, толғаулар үйренген. Әнге деген құмарлығы 7-8 жасында-ақ байқалған. 16 жасында Біржан салды тыңдап, ұмытылмастай әсер алады. Осы дидарласу болашақ өнерпазға үлкен шабыт береді.
Сондай-ақ Естай Беркімбайұлы Жарылғапберді, Ақан сері, Балуан Шолақ, Сәтмағанбет, Үкілі Ыбырай, Шашубай сынды әнші-ақындармен бірге үлкен жиындарда (Омбы, Қараөткел, Көкшетау, Қызылжар, Семей, Кереку, Зайсан, Тарбағатай, Жетісу атырабы, Алматы) ән салып, халыққа танымал болады. Естай Беркімбайұлы ақындық, орындаушылық өнерімен қатар шебер композитор ретінде белгілі болған. Оның әндері сал-серілер дәстүрін ілгері дамытты.
Композитордың алғашқы туындысы - «Шолпан қаққан» әні. Оның «Жайқоңыр», «Назқоңыр», «Майда қоңыр», «Қорлан», «Сандуғаш», «Юран-ай», «Бір мысқал», «Ашу - пышақ», «Дүние-ай», «Еркем», «Гүлнарайым», «Қоштасу», «Қаламқас», «Ғашық», «Қаракөз» әндері - қазақ музыкасының алтын қорына кірген. Ал классикалық «Хорлан», «Құсни-Қорлан» әндері Естай Беркімбайұлының есімін аңызға айналдырды. Бұл әндерді композиторлар М.Төлебаев «Біржан - Сара», Е.Брусилоский «Ер Торғын» операларында, С.И.Шабельский мен Л.М.Шаргородский қобыз бен оркестрге арналған концерттерінде пайдаланған.
Песня (song): Кусни-Корлан (Kusni Korlan)
Исполнитель (singer): Мадина Садвакасова (Madina Sadvakasova)