Ақтөбе бүгін көк мұздың құрсауында қалды. Көліктер, жолдар, ағаштар мен электр желілерін қалың мұз басқан. Автобустардың қозғалысы баяулап, тұрғындар әбігерге түсті. Жолаушылар діттеген жерлеріне кешігіп жатты. Электр желілері мен ағаштарды да қалыңдығы 5-10 миллиметр болатын мұз басқан. Салмақты көтере алмай, жарық сымдары үзіліп, ағаштардың бұтақтары сынып жатыр. Кереев көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында теректің бір бөлігі көлік үстіне құлаған. Көшеде тек сырғанап жүре аласың. Қауіпті. Тайып құлап, зақымданып жатқандар көп. Жедел жәрдем ауруханасының травматологиялық бөліміне бүгін күндізгі сағат төртке дейін 65 адам түскен. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Жомарт Бақыткелдінің айтуынша, түннен бері арнайы техникалар орталық даңғылдар мен көшелерге, ал таңертең аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолдарына тұз бен құм сеуіп шыққан. Көктайғақтың салдарынан бүгін қала мектептерінде сабақ тоқтатылды. Облыстық білім басқармасы оқушылардың қауіпсіздігі үшін ата-аналардан балаларын мектепке жібермеуді сұрайды. Барлық сыныптың оқушыларына қатысты. Алайда, мектепке келген оқушылар үйлеріне қайтарылмайды. Білім ордалары күнделікті тәртіпте жұмыс істейді, ұстаздар өз қызметтерінде. Егер тағы да көктайғақ болса ертең де сабақ тоқтатылады. Ақтөбе халықаралық әуежайы ертеңгі түскі сағат екіге дейін жабық. Ал, көлік жолдары барлық бағытта ашылды. Синоптиктер көктайғақ тағы бір күн болады дейді. Бүгін түнде жаңбыр жауады. Жауын-шашын ертең де жалғасады. Әрі қарай ауа температурасы минус 5 градусқа дейін төмендейді.