Оңтүстік Қазақстан облысында екінші деңгейдегі банктердің бірі тоналды
У вашего броузера проблема в совместимости с HTML5
Оңтүстік Қазақстан облысында екінші деңгейдегі банктердің бірі тоналды. Төрт жол сөмкесіне толтырылған 63 миллион теңгені ұрлағандар кілең банкирлерден құралған деген күдік бар.
Оқиға банктің Шардара аудандық филиалында болған. Таңғы төрттен қырық минут кеткенде жергілікті полицияның кезекші бөліміне банк дабылқаққышы белгі береді. Дереу келіп жеткен тергеу тобы банк ғимаратының терезесіндегі темір торлар бұзылып, бейнебақылау камераларының істен шыққанын көрген. Бұдан бөлек қойма есіктерінің де қирағаны белгілі болады. Тонауға осындағы банк қызметкерлерінің тікелей қатыстылығы байқалған. Жедел іздестіру шаралары барысында осы жорамал шындыққа айналып, облысты дүрліктірген атышулы ұрлық ашылды. Құзырлы органдағылар ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 6 адамды қамауға алды. Олардың барлығы да банк қызметкерлері. Қамауға алынған күдіктілер қатарында қарауылдан бастап банк басшысына дейін бар дейді дерек көздері.
НҮРИДДИН ДАУЫЛБАЕВ, ОҚО ІІД ТБ БАСТЫҒЫ:
Соңғы 3 айдың көлемінде тергеу амалдары, шұғыл іздестіру шаралары жүргізіліп, нәтижесінде барлық дәлелдемелер жинақталып, сол дәлелдемелерді көрсеткен кезде күзетші толық кінәсін мойындады. Банк қызметкерлерімен бірге қылмыс жасағаны анықталды.