Оралда жол сақшысын соққының астына алған қаржы полициясының қызметкері қамауға алынды. Естеріңізге сала кетейік, бесінші қаңтар күні көлікті мас күйінде тізгіндеген қаржы полициясының тергеушісі Ерлан Байшеркешев электр бағанына соғылып, жол апатына ұшырайды. Оқиға болған жерге жедел жеткен жол-патрульдік полициясы жүргізушіні ішімдік ішкен-ішпегенін анықтау үшін айықтырғышқа апарады. Бұған қарсылық көрсеткен қызметкер, жанжал шығарып, тіпті, жол сақшысының мұрнын сындырып тастаған. Билік өкілінің талабын орындауды намыс көрген қаржы полициясының қызметкері енді он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Осы оқиғадан соң, Орал қалалық сотының шешімімен, қаржы полициясының 23 жастағы қызметкері екі айға қамауға алынады. Кінәлі деп табылған азаматтың қорғаушысы, тәртіп сақшысыда оған қол жұмсағанын айтады. Ал, Байшеркешев өзінің қамауға алынуын қаржы полициясы Батыс Қазақстан облысының Ішкі Істер департаментінің лауазымды тұлғасын ұстағаны үшін, кек қайтару мақсатында жасалған әрекет дейді. Айта кетейік, өткен жылдың төртінші желтоқсанында аталмыш органның тергеу басқармасы бастығының орынбасары Заят Мұхтаров пен қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы Ғабиден Қағазғалиевты, қаржы полициясының өкілдері, аса ірі көлемде пара алды деген айыппен, қамауға алған еді.
ҰМСЫН МҰҚАНҒАЛИЕВА, Орал қалалық сотының судьясы:
Ол. бұл істің барлығы қаржы полиция қызметкерлерінің Ішкі Істер департаментінің жоғары лауазымды тұлғасын ұстау әрекетінен кейін болып жатқан дүние деп есептейді. Сондықтан істі кері қайтаруды өтінеді.