ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Құралай Қаракен мен Глеб Щегельский жұмыс сапарымен Хромтау қаласына барды. Хромтау республика бойынша моноқала жобасына енген қалалардың бірі. Мұнда қазір тұрғын үйлерді қысқа мерзім ішінде терможаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Биыл моноқалада 110 млн теңгеге 7 көпқабатты тұрғын үй қалыпқа келтірілуде. Жұмысшылар жүктелген міндеттің жартысынан жуығын еңсерген. Республика бойынша жоғары даму деңгейіне қосылған , яғни 27 моноқала қатарына енген Хромтау қаласында 2020 жылға дейін шамамен 60 көп қабатты тұрғын үй терможаңғыртылады. Бұдан бөлек 18 аулада балалар ойнайтын алаңдар пайда болады. Келер жылға дейін Хромтау қаласы аумағымен өтетін "Самара-Шымкент" тас жолы жарықтандырылады. Сондай-ақ қаланың ішкі жолдары да күрделі жөндеуден өтпекші. Биылдыққа 18 көше жөнделсе, келер жылға 26 көшені асфалттау жоспарланған. 25 мың халық мекен еткен қаланың тыныс-тіршілігімен танысқан депутаттар шағын коммуналдық базарларға бас сұғып, бағалармен танысты. Хромтау қаласының орталығындағы шағын базарға жеміс-жидек пен көкөніс оңтүстік өңірлерден әкелінеді екен. Ал қызанақ пен қияр жергілікті өнім екендігін сатушылар халық қалаулыларына қуана жеткізді. Макарон өнімдерін дайындайтын "Ақтөбе астық өнімдері комбинатында" осыдан екі жыл бұрын ашылған. Комбинатта макаронның 12 түрі шығарылады. Тәулігіне - 48 тонна, жылына - 11,5 мың тонна өнім өндіріледі. Өнімді Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұтынушылары ғана емес, сонымен бірге Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдері де тұтынады. Цех итальяндық технологиямен жабдықталған. Былтыр күзде наубайхана іске қосылған. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Глеб Щегельскийдің айтуынша, облыс бойынша жалғыз моноқала Хромтауда қазір 100-ге жуық шағын кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Балабақшалар мен мектептер саны артуда. Кеншілер қаласында жұмыссыздықты жою басты мақсат.