"Жайна" мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сауықтыру стационарында қазір 30 бала жатыр. Олардың диагнозы да әртүрлі. Мұнда мүлдем естіп, көре алмайтын, қимылдау мүмкіндігінен айырылған балалар бар. Мүгедек балаларға арналған өңіріміздегі жалғыз орталықтың жай-күйімен бүгін облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және балалардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері танысты. Стационарда 65 адам жұмыс істейді. Олар-дәрігерлер, мейірбикелер, күтуші, аспаз, дефектолог, логопед, физиологиялық ем жасайтын мамандар. Стационардың мақсаты-неврологиялық ауруы бар балаларды емдеу, сауықтыру, ата-аналарға көмектесу. Мұнда бәрі тегін. Бұл істен нәтиже шықса, одан артық ақы жоқ. Мүгедек бала тек бір ғана отбасының емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Кез-келген әйел генетикалық скринингтен өтіп, бойжеткендер өзіне дұрыс күтім жасаса, даун, сал ауруы бар сәбилер туылмас еді,-дейді "Жайнаның" негізі қалаушы Нұрила Жарболова.