У вашего броузера проблема в совместимости с HTML5
Темір жолдан өту қауіпті екені қанша ескертіліп жүрсе де, тұрғындар рельстің үстімен жүруді доғарар емес. Бүгін ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері бұған көз жеткізді. Олар "Нұр Отан" партиясының қалалық филиалы өкілдерімен бірігіп, Сельмаш ауданындағы көпір астында акция өткізді. Темір жолдың жүруге тиым салынған бөлігінен өткен халыққа қауіп туралы тағы бір мәрте ескертті. Бүгін ювеналды полицияның көзінше екі жігіт жақындап қалған тепловоздың алдын кесіп өтті. Акцияның алғашқы он минутында шойын жолдың бойынан қаперсіз өткен бес адамды санадық. Жақын маңда бұл жерден өтуге тиым салатын белгі тұр. Оған назар салған ешкім жоқ. Ақтөбе стансасындағы ЖІІБ ювеналды полиция тобының аға инспекторы Айгүл Ержанованың айтуынша, жыл басынан бері темір жол бойында 50-ден астам адам түрлі дене жарақатын алған. Темір жолдан тек арнайы өткелдер арқылы өту қажет. Пойыз 800 метр қашықтықта келе жатса, жүруге мүлдем тиым салынады. "Тальго" жүрдек пойызы көрінсе, жолдан 5 метрге алыстау керек. Осы ережелер жазылған парақшаларды бүгін "Жас отан" жастар қанатының белсенділері темір жол бойынан әрі-бері өткен тұрғындардың қолдарына ұстатты. Ал, полиция халыққа темір жолдың қауіпті екенін ескертумен шектелді.