Қытай билігі елдегі тыңшылар туралы ақпарат үшін сыйақы төлейді
У вашего броузера проблема в совместимости с HTML5
Бүгін Мысырда - қаралы күн. Халық 13-сәуірге дейін лаңкестік құрбандарын аза тұтады.
Сондай-ақ Мысырда 3 ай мерзімге төтенше жағдай енгізіліп, президент Әбдел Фатах ас-Сиси тиісті құжатқа қол қойды.
Мысырда қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді. Қалаларға әскерилер мен танкілер кіргізілген. Күзет әсіресе шіркеулерде қатайтылды. 3 аптадан кейін Египетке Рим Папасы келуі тиіс. Оның сапары қарсаңында елді екі бірдей лаңкестік әрекет дүрліктірді. Қос жарылыс Танта мен Александриядағы шіркеулерде болған. Терактілерден 44 адам қаза тауып, жараланғандар саны 100-ден асты. Шабуылды «Ирак және Левант лаңкестік ұйымы» өз мойнына алды. Өткен түні марқұмдардың денесі жер қойнауына тапсырылды.
Швеция да лаңкестіктен соң шекарасын қымтай бастады. Тіпті босқындарды кіргізбеуге бекініп отыр. Стокгольмдегі терактіні 39 жастағы Өзбекстан азаматы жасады деген ақпарат жарияланған болатын. 3 жыл бұрын оған босқын мәртебесі берілмей қойған. Айтуынша, Ирак және Левант лаңкестік ұйымының тапсырмасын орындап, жүк көлігін тізгіндеген ол адамдарды қасақана басқан. Бүгін Швеция халқы 3 күн бұрын болған теракт құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ал Ресей мен Иранға қарсы қысым күшейтілуі мүмкін. Қос елге Башар Асад билігін қолдағаны үшін санкция салынбақ. Бұл мәселе бүгін Италияның Лукка қаласында өтіп жатқан «Үлкен жетілік» елдері министрлерінің кездесуінде қаралады. Мұны Батыс ақпарат құралдары хабарлады. Айта кетейік, Сирияда химиялық қару қолданғаннан кейін АҚШ үкіметтік әскери базаны зымыранмен атқылаған еді. Иран мен Ресей наразылық білдіріп, бұл тәуелсіз елге жасалған басқыншылық деп бағалады.
Қытай билігі болса, тыңшыларымен күреске қарапайым азаматтарды тартпақ. Ол үшін қандай бір мәлімет берген әр азаматқа 72 мың долларға дейін сыйақы төлейді. Тыңшыларды байқаған азамат тиісті органға телефон, хат не өзі келіп хабарлай алады. Бірақ жалған мәлімет бергендер жазаға тартылады.