Бельгияда балаларға зорлық көрсету фактілері жиілеп кеткен
У вашего броузера проблема в совместимости с HTML5
Кішкентай бүлдіршіндерді ұрып-соққан видеоларды ғаламтордан қиналмай-ақ табуға болады. Мәселен, Бельгияда бір күннің ішінде 21 адам арнайы нөмірге хабарласып, мамандардың көмегіне жүгінеді екен. Өткен жылы шамамен 4000 адам жасырын түрде телефон шалған. Бұл елдегі бүлдіршіндерді ұрып-соғып, зорлық көрсету фактілерінің жиілеп кеткенін білдіреді. Мектепке дейінгі мекемелерде сәбилерге тәрбиешілер қол көтерсе, үйде ата-анадан зорлық көріп отырғандар да аз емес. Мысалы Батыс Фландрияда 27 жастағы азаматша 4 жасар 5 бүлдіршінге қол көтергені үшін 18 айға қамалды. Және енді ол жәбірленуші мен олардың ата-аналарына 18 мың еуро төлеуі тиіс. Осыған ұқсас оқиғалар әзірге тыйылмай тұр. Балаларға қатысты жасалатын қылмыс санының көбеюі бельгиялық мамандарды ерекше алаңдатып отыр. Олар мәселені шешудің түрлі жолдарын қарастыруда. Елімізде де балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері азаймай отыр. Ең сорақысы педофилдер жасаған қылмыс саны жыл сайын артып келеді. Осы уақытқа дейін 726 факті тіркелген екен. Кәмелеттік жасқа толмағандарды мәжбүрлі түрде жыныстық қатынасқа итермелеуге қатысты қылмыс саны 2010 жылы 1885 болса, 2014 жылы бұл екі есеге ұлғайып, 3623-ке жеткен. Ал биылғы 6 айда бұл көрсеткіш 20 пайызға көбейіп кеткен. Сондықтан да құзырлы органның өкілдері заң талаптарын күшейтуді көздеп отыр. Тіпті химиялық кастрацияны заңдастыруды да қолға алмақ. Сондай-ақ педофилия үшін жазаға тартылған шетелдіктердің еліміздің аумағына кіргізбеу жайы да қарастырылуда.