Алматының іргесіндегі елді мекендерді таудан аққан қар суы басып жатыр. Әсіресе, үлкен көлшікке айналған «Шұғыла» ауылының тұрғындары кешеден бері далада жүр. Өйткені, баспаналарына белуардан су кіріп кеткен. Өз күшімен бөгеттер орнатып, қызыл судан қорғанып жатқан жұрт, жергілікті атқамінерлерге де наразы. Апаттың жылда қайталанатынын біле тұра, биыл тағы да дайындықсыз отырды дейді.
4 күннен бергі Шұғыланың тіршілігі - осы. Ауылға қазір жаяу түгілі, көлікпен кіріп шығудың өзі мұң. «Апат айтып келмейді» дегенімен, жұрт тасқынның жылда қайталанатынын біледі. Бірақ бұл жолғы қызыл судың ағыны қатты.
Жылда осы суға батамыз. Қапшығымызды арқалап елден құм сатып алып сеуіп жатырмыз. Подвал толайын деді.
Тосыннан келген тасқыннан ең қатты зардап шеккен Бақытовтар отбасы. Өйткені аққан судың барлығы шетте тұрған осы үйдің жертөлесіне келіп құйылады. Суды тәуліктеп сорғызса да, деңгейі төмендер емес. Жаңа үй салуға алған қыруар несием суға кетті деп жыларман болып отыр отағасы.
МАРАТ БАҚЫТОВ, тұрғын:
5 балам бар. Әйелім де жұмыссыз.Енді міне, Банктен несие алып тыраштанып салып жатқан үйімді бір күнде су шайып кетті. Жертөледегі су 2 метрден асады. Баспалдағы да құлап қалды. Үйді айналдыра құм мен тастан төсесекте пайда жоқ.
МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ, тілші:
Өз беттерінше бөгет жасап, жұмысты да, ұйқыны да ұмытқан тұрғындардың тасқынмен арпаласып жатқанына бірнеше тәулік болған. Белуардан су кешкен жұрт, ертерек қам жасауға болатын еді дейді. Өйткені әкімшілікке әлдеқашан ескерткен. Бірақ сөздеріне ешкім құлақ аспапты.
Ақыры дарияның басына өз күштерімен құм мен тастан үйінді жасауға мәжбүр болған тұрғындар, ең болмағанда жөнді бөгет салмады деп шенділерге өкпелі.
НҰРҒАЛИ ҚОНАҚБАЕВ, тұрғын:
Әр көктем сайын осы. Биыл тым қатты болып кетті. Кеше су қатты аққаннан кейін кеше көршім екеуміз трактор жалдап түн ішінде қараңғыда судың шыққан жерін бітеп тастадық. Бүгін су күш жинап басқа жерден тесіп шықты.
Жұрттың айтуынша, кешегідей емес, қауіптің қазір беті қайта бастады. Өйткені бүгінгі жағдайды білмекке аудан әкімінің өзі келген соң ғана, төтеншеліктер қауырт жұмысқа кіріскен. Онда да жергілікті биліктің қауқары тек топырақ төгуден басқаға жетер емес.
Мақсат Толықбай, Ринат Абулқайыров.