Тәжік-ауған шекарасындағы ұрыста ерлікпен қаза тапқандардың рухына тағзым етілді
У вашего броузера проблема в совместимости с HTML5
Бүгін елордадағы Отан қорғаушылар саябағының Тағзым аллеясында тәжік-ауған шекарасында орын алған ұрыста ерлікпен қаза тапқан 17 жауынгерді еске алу шарасы өтті.
Осыдан 21 жыл бұрын Ішкі әскерлердің жеке ротасы Тәжікстанның таулы шатқалдарында содырларға тосқауыл қойған еді.
Қиян-кескі ұрыста Қазбаттың 17 жауынгері қаза тапты.
Қазақта «елдің атын ер шығарады» деген аталы сөз осындайда айтылса керек. Қазақстандық жауынгерлердің ерлігін отандастарымызбен қатар Тәжікстан халқы да ұмытпақ емес. Ескерткішке Ішкі әскерлердің жеке құрамы, ардагерлер және қаза тапқандардың туған-туыстары мен әскери-патриоттық сыныбының оқушылары гүл шоқтарын қойып, жауынгерлердің құрметіне бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Сондай-ақ аспанға оқ атылып, қаза тапқандардың рухына тағзым етілді.
Мұхаметқали Сатов, ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары
-Бұл күнді ешқашан ұмытпаймыз. 7 сәуірде 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында біздің 7-ші ротамыз шайқасқа түскен. Сонда біздің 17 сарбазымыз қаза тапты. 33 сарбазымыз қатты жараланды. Бірақ қалай болса да олар өз міндетін орындаған.
Қайратбек Сатпаев, ардагер жауынгер
-1995 жылы 7 сәуірде болған оқиғада мен 7 рота құрамында 3-ші взвод командирі болдым. Тәжік-ауған шекарасында атқарған міндетіміз – қазіргі барлық елдерде болып жатқан терроризмді болдыртпау. Біз сондағы өзіміздің міндетімізді ойдағыдай атқардық. Әрине, үлкен шығын болды. 17 сарбаздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды және әрдайым есте сақтаймыз.