Қазақстанның көмірі Ресейге сатылып жатыр. Сондықтан өз азаматтарымыз отын таппай тентіреп жүр. Қазақстанның барлық аймағындағы көмір тапшылығын шенеуніктер осылай түсіндірді. Ал бұл уақытта Астананың өзінде тұрғындар күн ұзаққа көмірдің кезегінде тұруға мәжбүр.
Астананың іргесіндегі ауылдан келген Ақтанбай көмірдің жоқтығына мойынсұнған. Өйткені, себебін ешкім түсіндірмейді екен.
БОЛАТ ИБЕРГЕНОВ, Ақмола облысы Жалғызқұдық ауылының тұрғыны:
Кімді қарап, кімді тексеріп жүреміз? Кім бізге жөнін айтады? Бізден де дәкөйлер бар ғой. «Неменеге келдің?» дейді.
Халықтың алдына шықпаса да, шенеуніктер журналистерді жинап мәселені түсіндірмекші болды. Олар үшін дабыра қылатындай мәселе жоқ сияқты.
СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы:
Халыққа сату көлемі 8 миллион тонна. Ол былтырғыға қарағанда 1 миллионнан астам артық. Сондықтан, жалпы көмір жоқ деп айтуға болмайды.
Әрине, таңғы бестен қас қарайғанға дейінгі қаз-қатар тізілген әр қаладағы жүздеген көліктерге бола үкіметтегілер «тапшылық» дей қоймас. Алайда, вагондарды күтуге шыдамы жетпей, көмір шығатын жерлерге тікелей барып әкеліп жатқандардың да жағдайы мәз емес көрінеді. Олар да кеніш басында апталап кезегін күтеді екен.
МҰРАТ МҰРТАБЕКОВ, Ақмола облысы, Красноярка ауылының тұрғыны:
Телевизордан естіп жатырмыз «Шұбаркөлдің көмірі 4 жарым мың» дейді. Шұбаркөлден балдыздарым барып әкеліп жатыр, өз басында 8 мың Шұбаркөлде. Соляркаң ол қымбат. Тағы да көтеріледі деп жатыр. 9 мың болады деп жатыр. Не деген сұмдық мынау?! Неге өтірік халықты алдай береді мынау бастықтар?
ТӨРЕХАН ТҰРЫСБЕКОВ, Астана қаласының тұрғыны:
«Жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайды» дейді. «Шұбаркөл мен Қаражарды сатып жіберген» дейді. Өзіміздің көмірімізді өзіміз алмағаннан кейін не болды? Болдық қой енді. Сататынын сатып бітірді ғой.
Күні бойы бүрсеңдеп көмір іздегендердің уәжін алға тартқаннан кейін шенеуніктер райынан қайтты. Күннің ерте суытуына байланысты тасымалдаушылар сұранысты толық қамтамасыз ете алмай жатыр деді. Сондай-ақ, өз халқымызға арман болған Шұбаркөлдің сапалы көмірін көрші елге сатып жатқанымызды да растады.
СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы:
– Шұбаркөлде сіз айтқандай Қазақстанда алатын бағасы болса, нарық болғаннан кейін Шұбаркөлдің көмірін Ресей одан да қымбаттау бағамен сатып аламыз деп жатқандықтан біраз көлемін Ресейге сатып жатыр.
БАҚЫТНҰР ӘЛІБАЙ, тілші:
– Қазақстанда жылына 100 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі екен. Алайда, дәл қазіргі жағдайда азаматтар мынадай 1 түйір отынның өзіне зар болып отыр. Бұл тек Астанадағы ғана емес, еліміздің барлық аймағына ортақ мәселе.
Бақытнұр Әлібай, Дидар Елеуов.