Қандыағаштағы әйелдің өліміне байланысты аудандық ІІБ бастығы қызметінен босатылды
У вашего броузера проблема в совместимости с HTML5
Мұғалжар аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Алшынбай Шәріпов уақытша қызметінен босатылды. Оған Қандыағаш қаласында болған оқиға себеп. Көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің төртінші қабатынан жасы шамамен 40-45-тегі әйел адам секіріп кетіп, мерт болған. Бұл суицид пе, оқыс оқиға ма, әлде қылмыс па оны облыстық прокуратура тексеріп жатыр. Оқиға 5-ші ақпан күні түн ортасында болса керек. Өйткені полицияға хабар таңғы төрт жарымдарда берілген. Көп қабатты тұрғын үйдің артынан азиат нәсілді жасы шамамен 40-45-тегі әйел адамның денесі табылған. Әйел төртінші қабаттан құлаған. Ақтөбеліктер арасында және ғаламторда бұл жағдайға қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелер тарап кетті. Соның бірі әйел құлаған пәтер Мұғалжар аудандық ІІБ бастығы Алшынбай Шәріповке тиесілі деген. Бұл әлі анықталмаған ақпарат. Десек те болған оқиғаға қатысты аудандық полиция бастығының уақытша қызметінен босатылғаны рас. Әйел Мұғалжар аудандық ІІБ бастығының кімі деген сұрақ та әзірге жауапсыз. Әйел суицид жасады ма, оқыс оқиға ма, әлде төртінші қабаттан біреу итеріп жіберді ме оны енді облыстық прокуратура анықтайды. Істі тергеуді осы ведомство қолға алған. Сот-медициналық сараптама тағайындалған. Марқұмның ағзасында алкоголь белгісі бар-жоғы сараптама барысында анықталады.