"Әдебиет айдыны" қоғамдық қоры алматылықтарды қайырымдылыққа шақырады
У вашего броузера проблема в совместимости с HTML5
"Әдебиет айдыны" қоғамдық қоры алматылықтарды қайырымдылыққа шақырады. Көмекке зәру екі баланың тағдырына бейжай қарай алмаған қор 21 сәуір күні Республика сарайында арнайы кеш ұйымдастырып отыр. Концерттен түсетін қаражат қос перзенттің еміне жұмсалмақ. Дертке шалдығып, "айығып кетсем" деген арманмен өмір сүріп келе жатқан екі жеткіншектің бірінің өмірі келесі бейнематериалда.
Бақдәулет Санатов қазір 16 жаста. Ойы озық, қимылы ширақ бозбаланың тек бойы ғана аласа. Небәрі 1 метр. Оған туа бітті гидроцефалия және хондродистрофия диагнозы қойылған. Анасының арқасында қатарынан қалмай оқыған бозбала қазір колледж студенті. Атақты футболшы болуды қалайтын Бақдәулеттің тағы бір асқақ арманы бар. Ол бойының өсіп кетуін армандайды.
Тайландта қысқа бойлы балалардың бойын отасыз өсіретін әдістің барын Бақдәулеттің анасы Айгүл таныстарынан біліпті. Содан бері тірнектеп барын жиюмен келе жатқан ана бауыр еті баласының үлкен арманын орындағысы келеді. Ол үшін оған 18 мың доллар қаржы керек екен.
Көмек сұрап келген бұл отбасына қол ұшын созуға "Әдебиет айдыны" қоғамдық қоры кірісті. 21 сәуірде қор өнер жұлдыздары атсалысатын кеш өткізбек. Одан түскен қаржы Бақдәулет пен эннцефолитпен ауыратын Нүркеннің еміне жұмсалмақ.
Сондықтан Алматы тұрғындары кешке келсе, концерт тамашалап қана қоймай, дертке шалдыққан балаларға үміт отын сыйлай келеді деген сөз.
Аида Боранбай, Данияр Жүсіпов.