Қазақстанда жасалған. Осындай жазуы бар өнімдер Ресей нарығында кеңінен таныла бастады. Әсіресе күнделікті тұтынатын тауарлар сүт, май, макароннан өзге қымыз-қымыран, қазы-қарта, жал-жая да осында.
Бүгін Мәскеу облысының Балашиха қаласында «Бауырсақ» дүкені ашылды. Оның сөресі тек біздің елдің өнімдеріне толы.
Шашу шашылып, қазақи үлгіде ашылған дүкен қаланың қақ ортасында орналасқан. Бүгін мұнда бас сұғушылар көп. Себебі бұл жерден Қазақстанда өндірілген өнімдердің сан түрін кездестіресіз.
Дүкен шағын болғанымен ішіндегі тауарлар сапасы Балашиха тұрғындары үшін маңыздырақ. Əрі баға жағынан да қолайлы.
Дүкен қожайыны Елена Кондокова «Бауырсақ» брендімен Ресейдің əр аумағынан осындай бес дүкен ашқан. Бұл алтыншысы.
Елена Кондокова, «Бауырсақ» дүкендер желісінің директоры
-Біз бұл дүкендерді ашу үшін 1 жылдай дайындық жүргіздік. Осындағы жергілікті билік қолдан келген көмегін аямады. Жәрмеңкеге келген сайын тұрғындар қазақстандық өнімдерді көптеп сұрайтын. Сосын ойлана келе, дүкен ашуды ұйғардым.
Бұл дүкендерге Қазақстаннан тауар жеткізіп беруші қазір 25 серіктес өндіріс орындары бар. Бірі қымыз-қымыранмен, макарон өнімдерін ұсынса, кейбіреулері жылқы етінен шұжық дайындап, қазы-қартаға дейін жеткізіп отыр. Басты сұраныста негізі – тамақ өнімдері.
Самат Даулетпақов, кəсіпкер
-Мəскеу облысына қарайтын бұл Балашихада 4 жүз мыңнан аса тұрғын бар. Қалада дүкен көп болғанымен халық өзіне қажеттісін таңдайды.
«Əрі ресейліктердің қазақстандық өнімге деген көзқарасы ерекше», – дейді шаһар басшылығының сауда нысандары бойынша өкілі.
Ал ертең Мəскеуде екі ел іскер топтарының инвестиция жəне экспорт əлеуетін талқылайтын жиында да сауда-саттық жайы əңгіме болмақ.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Серік Қоңырбаев