Алматы-Талдықорған тас жолы арасындағы Арқарлы кезеңі ертең жабылмайды. Бұл туралы бүгін Алматы облыстық әкімдігі мәлімдеді. Айта кету керек, соңғы күндері Арқарлы асуын тесу үшін тас жол бірнеше күнге жабылады деген ел ішінде ақпар тараған еді. Дегенмен, әкімдік сөзінше, биыл жыл бойы Алматы -Өскемен тас жолының осы бөлігіндегі жөндеу жұмыстары жалғасады. Сол себепті екі қала арасына пойыз бен әуе көлігін ашқан.
Ағайынды Қуаныш пен Тәуіп Нүсіпбектер үш жылдан бері Шығыс өңірден өгіз тасымалдаумен айналысып келеді. Кәсібіміз аса табысты бола қоймаса да, бар түсімге шүкіршілік етіп келеміз дейді. Ал Алматы мен Өскемен тас жолының жабылуы туралы ақпар мал тасымалдаушыларды қуанта қоймапты.
ҚУАНЫШ НҮСІПБЕК, мал тасымалдаушы:
Жол өте қиын, Жолдың сапасы нашар. Біз әйтеуір он күнде айланып келеміз. Біз сүйтіп тіршілік жасамасақ жұмыс жоқ. Қазір жол тоқтаса қалай балашағаны бағамыз. Сонша азап көреміз.
Жол жүргізіліп жатқан жұмыстарды ескерген жергілікті билік, Алматы мен Талдықорған бағытында әуе рейсі мен пойыз ашқан. Енді Алматыға ұшақпен жеті үшін бір жолаушы сегіз мың теңге төлеуі керек, ал егер пойызбен барамын десе тоғыз сағат уақытын жұмсауға тура келеді. Ал бұған дейін бұл бағытқа көлікпен екі жарым мың теңге төлеп жетуге болатын еді.
Ал Алматы облысының әкімдігіндегілер, жолаушылар мен жүргізушілерден шыдамдылық танытуды өтінеді. Ал 2015 жылдың басында заманауи көлік жолын қолданысқа береміз деп уәде етеді.
АМАНДЫҚ БАТАЛОВ, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
Ол жерде жол ашу жұмыстары жүргізілетін болады. Сол кезде 2-3 сағатқа жабылады. Ал Шығыс Қазақстан мен Алматыны байланыстырып тұрған жолдың маңызы өте зор болғандықтан, ол жабылмайды.
Талдықорған - Алматы көлік жолының құрылысына республикалық бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінген. Ал өткен жылы бұл жұмысқа 26 миллиард теңге жұмсалған. Бетонмен жабылған тас жол жобасы бір жылдан соң қолданысқа берілмек.
Лимара Салих, Алия Ахмедиева, Айдар Хаджимуратов.